24
май
2026
ТЫЛ АРДАГЕРІНЕ ТАҒЗЫМ- ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты өкілдері жерлесіміз, тыл ардагері, еңбеккер ана — Аза Тұрғымбекқызы Көбекованың шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Кездесуге қаладағы №45 мектеп-гимназиясының директоры Искандерова Рамиля Рафкатовна мен оқушылар қатысып, ата-аналар атынан сый-сияпат табыстап, ақ жаулықты анаға ыстық ықыластарын білдірді. Аза Көбекова 1936 жылы 5 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда небәрі 5 жаста болған ол, 7 жасынан бастап анасы және бауырларымен бірге егіс алқабында еңбек етіп, ел басына күн туған шақта тыл жұмысына араласқан.Кейін білім алып, стоматолог мамандығын меңгеріп, ұзақ жылдар Тараз қаласында тіс дәрігері болып қызмет атқарды. Зейнетке шыққан соң туған жеріне оралып, бүгінде өзіне қамқор болып отырған сіңлісімен бірге өмір сүруде.
Қазіргі таңда 90 жасқа келген Аза апаның жүріп-тұруы қиындағанымен, ойы сергек, санасы анық. Ол ел жаңалықтарына бейжай қарамайтын, өмірге құштар жан. Туыстары мен ұрпақтары ардақты ананы ерекше құрметтеп, батасын алуға асығады.
Аза апаның ғибратты ғұмыры — еңбекқорлықтың, төзімділік пен адамгершіліктің жарқын үлгісі.